Құрбандық - 2020

Құрбан айтқа күн қалды

Сайтқа қатысты сұрақ-жауап

Тапсырыстар мен өтініштер 2 тамыз 14:00-ге дейін қабылданады.

Сайттың басты бетінде «Құрбандық шалынғандығы туралы мәлімет» деген батырманы басып, тапсырыс берген телефон нөміріңізді қайта жазыңыз. Сонда Өзіңізге қажетті толық ақпаратты ала аласыз.

Иә. Бірақ тапсырыстар мен өтініштер түнгі уақытта қаралмайды.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздің барлық өңірлерінен тапсырыс қабылдау қиын. Сондықтан Өзіңізге жақын аймақты таңдаңыз.

Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз.

Ондай жағдайда Өзіңіздің өңірдегі call-орталыққа хабарласып, whatsapp арқылы немесе поштамен төлем түбіртегін жіберіңіз.

Карантиндік талаптарға сай төлем тек онлайн қабылданады.

Жоқ. Егер қате жіберсеңіз қайтадан өтініш жіберіңіз.

Болмайды. Өтінішті тек бір рет жібере аласыз.

Тізімді этикалық және құпиялылық саясатымызға сәйкес жариялай алмаймыз.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті толығымен тек мұқтаж жандарға таратылады. Яғни, құрбандық шалушы адамның құрбан етінің бір бөлігін алып кету мүмкіндігі болмайды.

31-шілде мен 2 тамыз аралығында яғни Құрбан Айттың бірінші күнінен бастап шалынады.

Егер ірі қара мен түйе болса бірнеше адам бірігіп шалуына болады.

Жоқ. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбан шалынатын жердегі адам саны шектеулі болады.

Әрине болады. Ол үшін тапсырыс бергенде құрбан шалдырушының аты-жөні деген жолаққа жазасыз.

Құрбандығыңыз шалынған соң сізге SMS-хабарлама жіберіледі. Егер сіз тапсырыс беру кезінде Құрбандық есебі қажет деп белгілеген жағдайда Whatsapp желісі арқылы есебі келеді

Құрбан айтқа қатысты сұрақ-жауап

Құрбан – араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу[1].

Құрбан шалудың мән-мағынасы туралы Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

«Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер»[2].

Аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше, Раббының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Құдай Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (а.с.) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік  ақыреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.

Алла Тағала жануардың қанының аққанына, оның еті мен терісіне мұқтаж емес. Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды:

لَنْ يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَٰكِنْ يَنَالُهُ التَّقْوَىٰ مِنْكُمْ

«Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»[3].

Расында да, Құдай Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

 

[1] Радду әл-мухтар, 9/452.

[2] «Әл-Имран» сүресі, 92-аят.

[3] «Хаж» сүресі, 37-аят.

а) Ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа ке­нелтеді. Пай­ғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сү­йік­ті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мү­йіз­дері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Та­ғаланың құзырында үлкен мақамға же­те­ді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл риза­шылығымен шалыңдар»[1] - деген.

Тағы басқа хадисінде құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатынын айтқан[2]

ә) Алланың берген нығметіне шүкіршілік етуді білдіреді. Алланың берген нығметі өте көп, оны санап санына жете алмайсың. Алла Тағала Құранда:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لا تُحْصُوهَا

«Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»[3] - дейді. Иман, құлшылық, есту, көру, мал-дүние, бала-шаға – бұның барлығы Алланың берген нығметі. Бұл нығметтер жалғасымды болуы үшін оның шүкіршілігін білдіру қажет. Алланың берген нығметіне шүкіршілік етудің бір жолы Алла жолында мал-дүниені жұмсау. Құрбандық шалу – Аллаға шүкіршілік етудің бір көрінісі.

б) Құрбан шалу арқылы Алланың әміріне бойұсынуды және сабырлықты үйренеміз. Ибраһим мен Исмайыл пайғамбардың Алланың әміріне бойұсынғанын әрі бекем тұрған оқиғасын еске алар болсақ, олардың Аллаға деген бойсұнуы мен махаббаты барлық нәрседен жоғары тұрғанын байқаймыз. Әрине бұл Алланың әміріне бойұсынуымызға ынталандырады әрі сабырлы болуға жігерлендіреді. 

в) Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті артырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қы­лықтарын бауырмалдық, жомарттық, кі­шіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады[4].

 

[1] Термизи риуаяты.

[2] Ибн Мәжә, №3118.

[3] «Ибраһим» сүресі, 34-аят.

[4] https://www.dar-alifta.org/AR/Viewgeneral.aspx?id=1164#non_muslim

Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен)[1], азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп[2].

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббыңа намаз оқып, құрбан шал!»[3] – деп бұйырды.  Бұл жердегі бұйрық рай уәжіпті білдіреді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндеттелген нәрсе, үмметіне де – уәжіп. Өйткені ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне үлгі ретінде жіберілген[4].

Сондай-ақ, Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді:

وَأَذِّن فِي النَّاسِ بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالًا وَعَلَىٰ كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِن كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ. لِّيَشْهَدُوا مَنَافِعَ لَهُمْ وَيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ فِي أَيَّامٍ مَّعْلُومَاتٍ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۖ فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ

 «Әрі барша адамдарды қажы­лық­қа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жер­ден арып-ашып, түйемен саған кел­сін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өз­деріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!»[5].

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (а.с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»[6], – деп жауап берген.

Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын»[7], – деп қатаң ескерткен.

 

[1] Нисап мөлшері – 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат, сондай-ақ, 40 қой, 30 қарамал, 5 түйе. Құрбан шалу уәжіп бо­луы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да басқалармен бірігіп ірі қара шалса, не жеке өзі қой шалса, құрбандығы қабыл.

[2] Әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 4/252. Әл-Муфассал фи әл-фиқһи әл-Ханафи «әл-ибәдәт», 213.  

[3] «Кәу­сар» сүресі, 2-аят.

[4] Бәдайығу әс-санайығ, 10/245.

[5] «Хаж» сүресі, 27-28 аяттар.

[6] Инб Мәжә, №3127.

[7] Ибн Мәжә, 2/321.

Дүниеден озған адамның атынан сауабын бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиісті. Али (р.а.) біреуін өзі үшін, екіншісін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атап екі құрбандық шалатын. Бұның себебін сұрағандарға ол: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кеудемде жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық шалуымды өсиет етіп кетті»[1], – деп жауап берген екен».

Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны құрбан айт күндері шалуы керек. Мұндай құрбан етінен құрбандық шалған адамның өзі басқалары да жесе болады.

Егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беруі керек.

 

[1] Әбу Дәуіт риуаяты.

Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді  (Һидая, 3/357).

Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (одан Алла разы болсын) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеп береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді (Әбу Дәуіт).

Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға  да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп таңдайды және оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынасты «уакалат» деп атайды. Бүгінгі карантин жағдайында көпшіліктің осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы.

Құрбандыққа тапсырыс беру, оны тіркеу, керекті мәліметтер және хабарламалармен бөлісу онлайн түрінде жүріп жатқаны үшін ол «онлайн-құрбандық» деп те аталуда.

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай[1], азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал»[2], - дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمَ يُضَحِّ فَلاَ يَقرَبَنَّ مُصَلَّاَنَا .

«Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын»[3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте:

 مَنْ ذَبَحَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَلْيَذْبَحْ شَاةً مَكَانهَا وَمَنْ لَمَ يَكُنْ ذَبَحَ فَلْيَذْبَحْ عَلَى اسْمِ اللَّهِ

«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын»[4], – делінген.

 Құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет[5].

Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс. Ал құрбан шалудың орнына садақа беру мойнынан уәжіпті түсірмейді.   


[1] Бай деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] «Кәусар» сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаяты.

[4] Муслим риуаяты.

[5] Радду әл-мухтар, 9-том, 454-бет.

Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.

Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Олар өздерін құрметті адам ретінде сезіне бастайды.

Сондықтан, құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:

Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[1] деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.

Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген[2].

Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді[3].

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт[4].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар», – деген[5]. «Мусинна» деп бес жасар түйеге, екі жасар ірі қараға, бір жасар қойға айтылады. Әбу Ханифа, қойдың жазағасы оның алты айлығы, деп түсіндіреді.

Хасан АМАНҚҰЛ,

 Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

 


 

[1] Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Нәсаи, Тирмизи риуаят еткен.

[3] «Фәтауа Һиндия», 5/344.

[4] «Раддул-мұхтар», 2/321.

[5] Муслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи риуаят еткен.

Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді[1].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте, осы күнде біздің ең алдымен бастайтын ісіміз – ол намаз оқу. Кейін қайтып, құрбандық шаламыз. Кім солай істесе, ол біздің сүннетімізді орындапты. Кім одан алдын малды бауыздаса, ол өз отбасын жәй етпен қамтамасыз етіпті. Ғибадат болып есептелмейді»[2], – деді.

Құрбандық шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Бұл мәселеде мынадай үкім бар:

Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.

Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады[3]. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүріндегі шектік рәсімі осыған тура келеді.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген[4]. Сондай-ақ құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал[5].

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары


 

[1] «Әл-муфассал фил-фиқһ әл-ханафи», 216.

[2] Бұхари, Муслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] «Раддул-мұхтар», 6/319.

[4] «Фәтху бәбил-ғинәя, 3/76.

[5] «Китабул-ихтияр», 4/260.

1. Құрбандыққа ең әдемі, семіз малды таңдау. Еті дәмді болғандықтан, еркек малды (қошқарды) бауыздаған абзал.

2. Құрбандыққа шалынатын малдың иесі малды өзі союы немесе қасында тұрып, мал бауыздауды басқа мұсылманға тапсыруы мұстахаб саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың атынан құрбандық шалғанда, оған рәсімнің кезінде қасында тұруын өтініп, құрбандыққа шалынып жатқан малдың бірінші қаны тамған бойда, оның бұрынғы күнәларының бәрі кешірілетінін айтқан[1].

3. Малды бауыздап жатқанда дұға оқу. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген «Уажжәһту уажһии лил-ләзии фәтарас-сәмаауаати уәл-арда ханиифән муслимән. Аллаһуммә минкә, уә иләйкә. Бисмилләһи, уәллаһу акбар!» (Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсұнып, ниет еттім. Уа, Алла! Сенен жәрдем тілеймін, Саған ғана құлшылық етемін. Алланың атымен бастаймын. Алла – ұлық!) деген дұғаны оқып, бауыздаған жақсырақ.

4. Құрбандық малды қинамай, алдын ала дайындалған өткір пышақпен жеңіл  түрде бауыздау керек. Малды өтпейтін пышақпен қинап сою – мәкруһ. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.

5. Айт күні таңертең тамақ ішпей, сойылған құрбандықтың етімен ауыз ашу – Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.

Алла Тағала барша мұсылман қауымның шалған құрбандығын қабыл етіп, күнәләрін кешіргей, түрлі пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтап, екі дүниенің игілігін нәсіп еткей!

 

[1] Ибн Хиббан риуаяты.